Алматыда бүлдіршіндер арасында ІІІ Құран жарысы өтті (ФОТО)
ҚМДБ-ның Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен Алматы Орталық мешітінде бүлдіршіндер арасындағы ІІІ Құран жарысы өтті. Жарысқа еліміздің әртүрлі аймақтарынан 95 бүлдіршін қатысты:52 – ұл бала, 43 – қыз бала. Олар Құран Кәрімнің «Мұтаффифин» сүресінен «Нас» сүресіне дейін жатқа оқып, өзара бақ сынасты.
Додалы жарыстың шымылдығын қаламыздың Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы ашып, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді:
«Құрметті мұсылман бауырлар! Ардақты ата-аналар! Бүгінгі додалы жарысымызға қош келіпсіздер! ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қолдауымен өтіп жатқан бүлдіршіндер арасында ІІІ Құран жарысын Алла Тағала бәрімізге құтты да берекелі етсін! Елдің баянды болашағы мен кемел келешегі – бүгінгі бүлдіршін, ертеңгі жастардың қолында. Сондықтан да бүгінгі жарыстың негізгі мақсаты – өскелең ұрпағымызды Құран тағылымынан нәр алған, иманды да адамгершілігі мол, ғылым-білімге құмар азаматтар етіп тәрбиелеу болмақ. Осы ретте мен жарысқа қатысушы барлық бүлдіршіндерімізге сәттілік тілеймін. Алла баршамыздан разы болсын!», – деді.
Төрешілер жарыста Құран аяттарын қатесіз, мәнерлеп оқуда жүлделі орындарға ие болған бүлдіршіндерімізге қаржылай сыйлықтар табыстады. Ал, ерекше көзге түсіп, ынталандыру сыйлығына ие болғандарға велосипедтер берілді. Жарысқа қатысқаны үшін қалған бүлдіршіндерімізге арнайы сыйлық ретінде самакаттар тарту етілді.
Ұл балалар арасында ІІІ Құран жарысының жүлдегерлері:
І орын – Саятұлы Әли, Алматы қаласы (100 000 тг).
ІІ орын – Орынбасарұлы Халид, Түркістан облысы (75 000 тг).
ІІІ орын – Бабаназарұлы Әділхан, Алматы облысы (50 000 тг).
Қыз балалар арасында ІІІ Құран жарысының жүлдегерлері:
І орын – Абдулғани Жасмин, Алматы қаласы (100 000 тг).
ІІ орын – Мұқамбетқали Бегімсұлу, Қызылорда облысы (75 000 тг).
ІІІ орын – Жанарбекқызы Амина, Алматы қаласы (50 000 тг).
Дереккөз: azan.kz