АЛМАТЫДА «ІЗГІЛІК ЖАРШЫСЫ – МҰХАММЕД (ﷺ)» АТТЫ МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматыда «Ізгілік жаршысы – Мұхаммед (ﷺ)» тақырыбында рухани мәуліт кеші өтті. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген мәуліт айының құрметіне өткен рухани кешке Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Елімізде еңбек күнімен тұспа-тұс келген кеште ҚМДБ Төрағасы жиналған көпшілікті мүбәрак мәуліт айымен құттықтап, адамдарды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихаттаған ізгілік жолына, адамгерлішілік пен еңбекқорлыққа, сондай-ақ Құран Кәрімді құрметтеуге шақырды.
«Асыл дініміз Исламда ізгі амал жасаудың маңызы өте үлкен. Ізгі амал деп жеке адамға немесе қоғамға пайда алып келетін, өзгелердің жағдайының жақсаруына ықпал ететін амалды атаймыз. Қасиетті Құранның көптеген аяттарында: «Расында иман етіп әрі ізгі амал жасағандар», – деп, иманмен қатар ізгі амал жасау бірге айтылады. Бұл аяттар Алла Тағалаға иман етіп, ақыреттен үміті бар жан үшін игі амал жасаудың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетеді.
Алла Тағала біздерді ізгілікке бұйырумен қатар, қалай ізгі адам болуымызды үлгі етіп көрсету үшін сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаны (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар етіп жіберді. Пайғамбарымыз да, қасиетті Құран да барлық иман еткен әлем мұсылмандары үшін өте қастерлі. Өкінішке қарай қазіргі таңда мұсылмандардың осы қастерлі ұғымына тіл тигізіп жатқандар да табылуда. Осыған орай Президентіміз күні кеше ғана Біріккен ұлттар ұйымында сөйлеген сөзінде: «Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс», – деп, әлемдік деңгейде өте өзекті мәселені қозғады. Біз бұл айтылған сөздерге толығымен қосыламыз» деді Бас мүфти.
Зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен мешіт жамағаты, имамдар мен қала тұрғындары қатысқан кеште ақын, сазгер Жәкен Омаров Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянынан Меккенің азат етілуін қазақ тілінде жырлады. Мәулітке арналған мерекелік шарада «Өнер қырандары» театры сахналық қойылымдар қойды. Эстрада әншілері иләһи әндер мен термелер орындап, Пайғамбарға деген сағыныштарын әнмен жеткізді.
Сонымен қатар Пайғамбар сүннетін өміріне темірқазық етіп өсіп келе жатқан жас жеткіншектер Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы өлеңдер оқыды. Шара соңында Мәуліт рухани кешінің билеттерінен түскен қаражатты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көпшіліктің алдында мұқтаж кісілерге табыстады.
Дереккөз: Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі