Алматының 10 мешітінде қысқы лагерь ұйымдастырылды
Алматы қаласының «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Берекелі демалыс» атты 10 мешітте мектеп оқушыларына арналған қысқы лагерь ұйымдастырылды.
Мақсаты – оқушылардың демалысын пайдалы өткізіп, Алланың сөзі – Құранды үйретіп, Пайғамбарлардың өмірімен таныстыру.
«Қысқы лагерьге 150-ге жуық оқушылар қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жерде ұстаздың да, шәкірттің де, ата-ананың да еңбегі зор. Ұстаз бен ата-ананың мақсаты бір болғанда ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бүлдіршіндердің білімге деген құштарлығы, ізденісі бізді тәнті етті» дейді ұйымдастырушылар.
Балақайлар алдын-ала өздеріне берілген «Исра», «Нәмл», «Нәхл», «Мариям», «Ғанкабут», «Кәһф», «Бақара», «Юсуф», «Юнус» және т.б. сүрелер жайында ізденіп, оқып-біліп, сол оқиғаларға сәйкес пісірген тәттілерін безендіріп, әдемі презентациялар жасады.
– Шетінен өнерлі қыздарымызды көріп, үмбетіміздің болашағы жарқын екендігіне көз жеткіздік. Үйіне қайтып бара жатқан қызы мен анасының сөзін естіп, «жүрегімен мешітке байлану» деген – осы екен ғой деген ой түйдік.
Анасының: «қалай, енді мешітке келіп тұрасың ба?» – деген сұрағына қызы:
«Әрине, енді қалмаймын» – деп күлімсіреген күйде мешіттен шығып бара жатты, - дейді «Әйел-қыздар» секторының Алматы қаласындағы өкілдері.