«Алтын адам» Анкарада өтетін көрмеге қойылады (ФОТО)

02 қыркүйек 2019 5687 0
Оқу режимі

Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында өтетін көрмеге «Алтын адам» қойылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық музейі баспасөз бөліміне сілтеме жасап. 

«ҚР Ұлттық музейі 12 қыркүйекте Анкара қаласындағы Анатолий өркениеттері музейінде «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашады. Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін жалғасады. Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады», делінген хабарламада.

1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылған.

Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Македония музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті. Көрме 2019 жылдың соңына дейін жер шарының тағы да екі еліне баратын болады.

Солтүстік Анкара өркениеттері музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Дереккөз: Қазақпарат

Пікірлер Кіру