«АҚМЕШІТТІҢ» АУЛАСЫНА АҒАШ КӨШЕТТЕРІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ (ФОТО)
Астана қаласындағы «Ақмешіт» мешітінің ауласында тазалық жұмыстары атқарылып, құлшылық үйінің маңайына 100-ге жуық ағаш көшеттері отырғызылды.
Бас имам Дәурен Мүсілімовтың басшылығымен өткен сенбілік жұмыстарына мешіт имамдары мен белсенді жамағат атсалысты.
Тал егіп, табиғатты аялау, мешіт ауласын таза ұстау әрбір мұсылманның парызы. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзін көрген Әбу Дәрда (қартайған шағында) Дамаск қаласында жеміс көшетін отырғызып жатса, оны бiр кiсi көрiп: «(Қартайып қалдыңыз ғой). Мұны не үшін істеп жатсыз?» – деп сұрапты. Сонда Әбу Дәрда оған: «Асықпа, сабыр ет! Бізден бұрын келгендер көшеттер отырғызды, біз оны пайдаландық, жемісін жедік. Ендігі, егу, өсіру кезегі – біздікі. Оны келесі ұрпақ пайдаланады және жемісін жейді. Мен Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бiр мұсылман ағаш отырғызса немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, жануарлар мен жәндіктер, құстар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» дегенiн естiгем», – деп жауап берді.