Ақмола облысы: Қарабай батыр мешіті ашылды
Атбасар ауданында шешен азаматтары Хан Кене батырларының бірі Қарабай құрметіне мешіт тұрғызып берді. Ынтымақ ұйыған, ырыс құйылған ауылдың тіршілігінен жанашыр жұрттың ауызбірлігі, шүлеңгер азаматтардың шарапаты аңғарылып тұрады. Осындай үлгілі көрініске Атбасар ауданының Сергеевка ауылында куә болдық.
Қанша уақыттан бері көптің тілеуінде жүрген жаңа мешіттің құрылысы бастамашыл азаматтардың араласуымен аяқталып, жыл басында ашылды. Мешіттің ашылу салтанатына жиналған қауымның қарасы қалың болды. Ауылдықтардың осынау қуанышына ортақтасып, Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов, ауданның бас имамы Ақылбек қажы Шопабеков және облыстық мәслихат депутаттары келді. «Ауыл тұрғындарына ерекше әсер еткен бұл игі істің шарапаты мол. Халықты имандылыққа, адамгершілікке шақырып отыратын мешіттің қоғамдағы орны орасан. Сол себептен, Сергеевка ауылындағы Қарабай мешіті ауылдың ауызбіршілігіне қызмет ететініне сенімдіміз», деді әкім А.Қалжанов.
Сонымен қатар құттықтау сөзін жеткізген бас имам А.Шопабеков жаңа мешіттің ашылуы ауыл жастарын тәрбиелеуге мол септігін тигізетінін атап өтті. Ізгіліктің ұясындай болған жаңа мешіт ауыл халқының ілкімді ісінің нәтижесінде тұрғызылды. Ауылға мешіт салып, оған Қарабай батырдың атын беру туралы ұсынысты батырдың тікелей ұрпағы, алматылық Дәулет Жәкібаев қажы ұсыныпты. Өкініштісі, Дәулет қажы пандемия кезінде мәңгілік сапарына аттанып кетіпті. Содан түйген-білгені көп қажының ұсынысын жерде қалдырмауды ойлаған Сабыржан Кенжебаев есімді ауыл ақсақалы басталған істі аяқтауды ойластырған. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстың дүрбелеңі кезінде қазақ жеріне жер аударылып, осы ауылдан қоныс тепкен шешен азаматы Башта Огаев ақсақалдың баласы, ауданға танымал кәсіпкер Магомед Огаевқа қолқа салады. Кәсіпкер ауыл үлкендерінің сөзін жерде қалдырмай, қаражаттың негізгі бөлігін өзі көтеріпті. Жаңа мешітке аты берілген Қарабай батыр 1837-1847 жылдары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Кенесары хан басқарған қалың қолмен патша өкіметіне қарсы ерлікпен күрескен. Қазақ даласын отаршылдардың езгісінен азат етуді аңсаған. Тоқтас батыр ұрпақтарынан жасақталған сарбаздардың қолбасшысы болған.
Мешіт құрылысына Қарабай батырдың ұрпақтары – марқұм Дәулет қажының ұлы Дастан Кеңесов, апайы Шолпан Жәкібаева, бауыры Талғат Жәкібаев және туыстары қарсақбайлық Досымжан Садуақасов, Төлепберген қажы мен алматылық Бақытжан Ысқақов өз үлесін қосқан. Мешіттің ашылу салтанатына Павлодар, Екібастұз, Астана, Көкшетау және Қарағанды мен Ұлытаудан батырдың ұрпақтары арнайы келді. Қарабай батыр мешітіне жиылған ағайын сол күні жұма намазына қатысып, сәждеге бас қойды. Діни рәсімдер орындалған соң көпшілік Атбасар қаласындағы мешітте бабалар рухына құран бағышталған асқа қатысты. Жауапкершілігі мол істі үйлестіріп жүрген Сабыржан ақсақалға батырдың ұрпақтары ризашылығын білдіріп шапан жапты. Бас демеуші – Огаевтар әулетіне алғыс айтып, құрмет-қошемет көрсетті. Иә, қиын-қыстау замандарда қазақ халқы елімізге жер аударылып, атамекенінен амалсыздан босып кеткен этнос өкілдерін бауырға басып, қонақжайлығын көрсетті. Соның бәрін көріп-біліп, естіп өскен есті жастардың азаматтығы көңілге медет, игі ісі көпке үлгі. Мысалы, Башта Огаев ақсақалдың сүреңсіз жылдарда қазақ халқымен бірге жасасып, жан баққанын, сондағы ағайындардың қамқорлығын айтып, санаға сіңіріп отырғаны айдан анық.
Бұл – Атбасар ауданындағы ұлттар достығының шынайы көрінісі. Мешіттің ашылуынан кейін ақсақалдар ақпанда шешен-ингуш ұлттарының атамекенінен жер аударылып, қазақ жеріне қоныстанғанына 80 жыл толуына орай осы мешітте бас қосып, діни рәсімдер өткізетінін хабарлап тарасты.
Дереккөз: Kazislam.kz