Ақмола облысының имамдары кәсіби біліктілікті көтеру семинарына қатысты (ФОТО)

27 ақпан 2020 1694 0
Оқу режимі

Бүгін Елорда төріндегі республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ Ақмола облысы өкілдігінің діни қызметкерлеріне арналған кәсіби біліктілікті арттыру семинары болып өтті. Бас мүфти кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлының үйлестіруімен өткен семинар жұмысы дін қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіріп, теріс ағым өкілдерімен жұмыс жүргізудің түрлі әдіс-тәсілдерімен таныстырды.

«Діни радикализм мен деструктивті діни ағымдарға қарсы іс-қимылдың жаңа әдістері мен формалары» атты тақырып аясында өткен семинар жұмысына ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының Дін істер бөлімінің басшысы Болат Неғметжанұлы және облыс бас имам Қуаныш Жұмабайұлы бастаған дін қызметкерлері қатысты.

Семинар аясында Бижігіт Нұржігітұлы қатысушыларға деструктивті ағымдардың алдын алу жұмыстары бойынша «ҚМДБ қызметкерлерінің түсіндірмелік-профилактикалық және оңалту жұмысын жүйелі ұйымдастырып, жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар» нұсқаулығын таныстырып өтті.

Сондай-ақ, семинар жұмысына арнайы шақырылған белгілі тарихшы-дінтанушы Жарас Ахан, Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы Мирхат Мұратұлы, «Kazdream Techologies» ЖШС жоба жетекшісі Әлішер Ділмұратұлы «Қазіргі діни ахуал және оңалтудың кейбір мәселелері», «Деструктивті діни ағым өкілдерімен жұмыс жүргізудің негізгі тәсілдері», «Ғаламтор кеңістігіндегі жұмыстың тиімділігін арттыру тәсілдері» тақырыбында сүбелі баяндамалар жасап, қатысушыларға қажетті мағлұмат беріп, тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар соңында қатысушыларға Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасының Дін істері бөлімі және ҚМДБ Ақмола өкілдігі атынан арнайы сертификат табысталды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру