АСТАНА ИМАМДАРЫНА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУҒА ҚАТЫСТЫ СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

15 ақпан 2023 2712 0
Оқу режимі

Бүгін Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Ислам және ізгі  қоғам:  «Адам өмірін қорғау – басты мұратымыз!» атты Астана имамдарының біліктілігін арттыруға арналған семинар болып өтті.

Шара басталмас бұрын Астана қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов сөз алып, әлемде болып жатқан апаттық жағдайлар кез келген жерде, кез келген адамның басына төнуі мүмкін екенін ескерте отырып,  кез келген жағдайға дайын болуымыз керектігін айтты. Семинарда Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Есмағанбетов Роллан, ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы, Азаматтық қорғау капитаны Аспандияр Нұрланұлы,  Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар штабының басшысы Алдабергенов Аян Болатұлы, сондай-ақ, «Апаттар медицина» орталығының Астана қаласындағы филиалында шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің дәрігері Маханова Гульдана сөз сөйлеп білім-тәжірибелерімен бөлісті. Арнайы дайындалған қонақтар төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда қандай іс-әрекет жасау керек екенін айтып қана қоймай, оқу-жаттығу жұмыстарын көрсетіп, кішігірім мастер-класс өткізді.

Семинарға қатысушыларға әлемде орын алған үлкен жер сілкіністері жайлы, Зілзаланың пайда болу себептері, сондай-ақ, «Зілзала» сүресінің түсіндірмесі айшықталған арнайы  бейнероликтер көрсетілді.

Семинардың ұйытқысы болған «Көктал» мешітінің бас имамы Отаров Ильяс қауіпсіздікке қатысты ережелер жинақталған арнайы кітапшалар дайындап,  қатысушыларға ұсынды.

Жиын соңында келген қонақтарға қасиетті Құран кітабы сыйланды.  

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру