«Астана» медресе-колледжінің қыздар бөлімі ашылды (ФОТО)

10 қыркүйек 2019 11003 0
Оқу режимі

Елордада «Астана» медресе-колледжінің қыздар бөлімінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Білім ордасының ашылу шарасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы, елордалық имамдар мен дінге жанашыр қала тұрғындары қатысты.

Бас мүфти жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, ел астанасында тұңғыш ашылған білім ордасының руханиятымыздағы маңызы жайында тоқтала келе:

«Әйел-аналарымыз жан-жақты білімді болса, болашақ ұрпақты да солай тәрбиелейді. Жаңа медресемізді ашудағы негізгі мақсат – дәстүрлі дінімізді салтымызбен сабақтастырып, тарихи, рухани құндылықтарымызды дәріптейтін мамандар тәрбиелеу. Бүгінде еліміз бойынша 1500 шәкіртіміз университетте оқып жатыр, 2500-ге жуық шәкірт орта білім беретін медресе-колледждерімізде білім алуда. Демек, біз отандық кадрларды даярлауға толыққанды мүмкіндігіміз бар. Біз сырттан келетін діни кадрлар мен шетелдік теологтарға мұқтаждықтан толықтай арылдық», – деп атап өтті.

Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы қыздарға арналған оқу ордасының ашылуымен құттықтап:

«Абай атамыз отыз жетінші қара сөзінде «Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді. Елге қызмет ететін, жеті жұрттың қамын жейтін адамның баласын тәрбиелейтін жан міндетті түрде иманды болуы керек. Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, әуелі қираған мешіттерімізді қалпына келтірді деп қуанышпен айта аламыз. Елдің қамын ойлайтын тұлға алып анадан туады. Осы жерден алып аналар шығуына тілектеспін», – деді.

Ғимаратта оқу залы, асхана, жатақхана, алғашқы медициналық көмек көрсететін бөлме, ұстаздар кабинеті бар. Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет ашылған оқу орталығына биыл 21 шәкірт білім алатын болады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру