АСТАНА ӨКІЛДІГІНІҢ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЭТНОАУЫЛҒА ЭКСКУРСИЯ ЖАСАДЫ (ФОТО)

12 қыркүйек 2024 948 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласының өкілі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған дін қызметкерлері, мешіт ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер қауымы V дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатқан Елордадағы этноауылға арнайы барып экскурсия жасап қайтты.

Республика бойынша күллі облыс келіп киіз үй тіккен аумақта, әртүрлі ұлттық-мәдени бағдарламалар өтіп жатыр екен. Еліміздің әр өңірі өзіндік ұлттық-мәдени ерекшеліктерін паш етіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік қонақтарды тәнті етуде.

Этноауыл бірнеше орынға бөлінеді: Орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі Өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этно-қоныстары, қолөнершілер және шығыс базары бар арнайы қала. Сондай-ақ этноауыл аумағында көптеген кәдесыйлар табуға болатын шығыс базары ұйымдастырылып, еліміздің екі жүзден астам қолөнершілері өз өнімдерін ұсынуда.

Астана қаласының Бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы:

«ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіретіміздің бекіткен Дін мен дәстүр бағыты аясында бүгін V дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатқан аумаққа ат басын бұрдық. Қала басшылығы және Дін істері басқармасымен бірлесе отырып, біз де осы бір шараны ұйымдастырып отырмыз. Мұнда этноауылда өтіп жатқан керемет шаралардың куәсі болып жатырмыз. Дініміз бен дәстүріміз қашанда біте қайнасып келген. Мешітіміздегі ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыз таң-тамаша әсер алуда. Бүгін ұлтымыздың бай тарихы мен рухани құндылықтары қайта жаңғырып, елімізге әлем жұршылығының назары ауып жатыр. Қарияларымыз да өздерінің ақ батасын беріп жатыр. Еліміздің бірлігі мен берекесі арта берсін!», - деп өзінің ізгі лебізін білдірді.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Пікірлер Кіру