АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫ СУ БАСҚАН АЙМАҚТАРҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРДІ (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің Әйел-қыздар секторы еліміздің су басқан аймақтары Атырау облысы мен Петропавл қаласына екі фураға тиелген жалпы салмағы 40 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді.
Игі шараға мұрындық болып отырған Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Эльмира Серікбайқызы өз сөзінде:
«Ассалаумағалейкүм, құрметті қазақ елі! ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Астана қаласы өкілдігі Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жүк көліктеріміз кеткелі отыр. Барша атсалысқан азамат, азаматшаларға, жалпы халқымызға Алла разы болсын! Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім өзіне қалаған жақсылықты мұсылман бауырына қаламайынша, иманы кәміл болмайды», деген. Сол себепті еліміздегі әрбір қазақ жалғызым деген ұранмен осы шарамызды жасап отырмыз. Біз сіздер үшін әрдайым дұғадамыз. Алла Тағала мамыражай күнде кездесуімізді нәсіп етсін.», деп атап өтті.
Айта кетсек, Астана қаласы өкілдігінен еліміздің су тасқынынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек фуралары үздіксіз жөнелтіліп келеді.