АСТАНА ҚАЛАСЫ МЕШІТТЕРІНІҢ РАМАЗАНҒА ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ (ФОТО)
«Әзірет Сұлтан» мешітінде Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіповтың басшылығымен өкілдікке қарасты мешіт имамдарының семинар жиыны болып өтті.
Басқосу барысында қасиетті Рамазан айына дайындық жұмыстары пысықталып, қала имамдарына нақты тапсырмалар жүктелді.
Өкіл имам қаладағы құлшылық ордаларының Рамазанға дайындық жұмыстарымен жекелей танысып, сауапты да жауапты мерзімге сақадай сай болуын тапсырды. Күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша жалпы жоспар құрылып, жауапты қызметкерлер бекітілді. Тарауих намаздарының тәртібі мен қарилар дайындығы, ай бойы ұйымдастырылатын ауызашар дастархандарының әзірлігі пысықталып, қасиетті айда қайырымдылық шараларын да жандандыра түсуге шақырды. Халықтың оразаға деген ниетін оятып, ықыласын арттыра түсу мақсатында ақпараттық кітапшалар мен бүктемелер, ораза кестелерін әзірлеу тапсырылды.
Айта кетейік, қасиетті Рамазан айы биылғы жылы 11-наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түні халқымыз қасиетті Қадір түнін қарсы алатын болмақ. Ұлық мерекеміз – Ораза айты биыл 10 сәуірге дөп келіп отыр.