АСТАНА ҚАЛАСЫ ӨКІЛДІГІ «ЖЫЛУ СЫЙЛА» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ
Астана қаласының Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлының басшылығымен «Зекет және қайырымдылық» қорының «Жылу сыйла» акциясы аясында көмекке мұқтаж отбасыларға көмір таратылды. Қайырымдылық іс-шарасы барысында жалпы 45 тонна көмір үлестірілді.
Бас имам қыс мезгілінде әрбір отбасының алаңсыз қыстап шығуы маңызды екенін атап өтіп, акцияның жыл сайын жалғасып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ игі іске қолдау білдірген демеушілер мен кәсіпкерлерге, еріктілерге және жамағатқа алғыс айтты.
«Қыс мезгілі келіп, күн суытқан шақта әр үйдің жылы болғаны, әр отбасының алаңсыз қыстап шыққаны біз үшін маңызды. Осы ниетпен бүгінгі игі істі ұйымдастырып отырмыз. Сіздер жалғыз емессіздер. Жандарыңызда ағайын бар, ел бар, мешіт бар. Біз де қолдан келгенше қол ұшын беруге, сіздерге сүйеу болуға тырысамыз», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.
Айта кетейік, «Жылу сыйла» қайырымдылық акциясы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Зекет және қайырымдылық» қоры аясында жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Акцияның негізгі мақсаты – қыс мезгілінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмектесіп, олардың тұрмысын жеңілдету.

























Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі