АСТАНА ҚАЛАСЫНДА РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)

30 қыркүйек 2025 1059 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен елордадағы бейбітшілік және келісім сарайында «Ізгілік жаршысы әз Мұхаммед (ﷺ)» атты рухани мәуліт кеші болып өтті.

Іс-шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мұсылман мемлекеттерінің мәртебелі елшілері, елорда тұрғындары мен Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған дін қызметкерлері қатысты.

«Биылғы «Ислам және отбасы құндылығы» жылына орай республика бойынша ҚМДБ мешіттерінде отбасы құндылығына басымдық беріп келеміз. Құлшылық үйлерінде «Отбасылық кеңес беру орталықтары» ашылып, сол арқылы еліміз бойынша 500 отбасы жарастырылды. Бұл бәріміз үшін үлкен жетістік. Ендеше бүгінгі мәуліт мерекесі де отбасы тақырыбына арналады», деп атап өтті, ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жиында Мейірім пайғамбарына (ﷺ) салауаттар айтылып, Мәуліт жыры оқылды. Сондай-ақ, ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткер әртістері дәстүрлі әндерді орындап, тәжірибелі театр актерлары тарапынан отбасылық өмірге қатысты мән-мағынаға толы көріністер саханаланды.

Рухани кеш аясында «Muftiyat» баспасынан жарық көрген «Хазіреті Әбу Бәкір Сыддық», «Құран інжулері», «Ислам энциклопедиясы» (I–II том), «Таухид», «Пәтуалар жинағы» (I–V том), «Пайғамбар отбасындағы мінсіз мәміле» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

«Мәуліт сыйы» айдары аясында «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар марапатталды. Олар елдің білімі, мәдениеті, денсаулығы, қауіпсіздігі және әлеуметтік әл-ауқаты үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандар. Олардың арасында музей мен кітапхана қызметкерлері, медицина саласының мамандары, мұғалімдер, өрт сөндірушілер, ХҚК орталығы мен отбасылық кеңес беру орталығының қызметкерлері бар.

Марапаттау мұнымен аяқталған жоқ. ҚМДБ-ның төл басылымдары – «Иман» журналы мен «Мұнара» газеті жыл сайын оқырмандар арасында шығармашылық байқау өткізеді. Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына, Алаш қозғалысының 120 жылдығына және ҚМДБ-ның 35 жылдығына орай «Абай. Алаш. Асыл дін» атты байқау жарияланып, тамыз айына дейін еліміздің әр өңірінен 90-нан аса шығарма қабылданған болатын. Сол бойынша жеңімпаздар анықталып, ақындар Бас мүфти тарапынан марапатталды: 1-орын (Ұмра қажылығы): Өтеш Қырғызбаев (Алматы қаласы); 2-орын (300 мың теңге): Асан Омаров (Семей қаласы); 3-орын (200 мың теңге): Данияр Ихсан (Астана қаласы). Бұдан бөлек бес ынталандыру сыйлығы (100 мың теңгеден) мен екі арнаулы сыйлық (100 мың теңгеден) берілді.

Кеш соңында жеребе тарту әдісі арқылы көрермендер арасында Ұмра қажылығына жолдама ойнатылып, елордалық Бибігүл есімді ақ жаулықты анамызға кіші қажылыққа жолдама нәсіп болды. Осылайша, жиналған жұртшылық Мәуліт кешінен зор рухани әсер алып қайтты.

АСТАНАДАҒЫ МӘУЛІТ КЕШІНДЕ ЖАҢА КІТАПТАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ«АБАЙ. АЛАШ. АСЫЛ ДІН» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру