АСТАНАДА «HALAL EXPO-2022» КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ (ФОТО)
Елордасы Астанададағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің ұйымдастыруымен халықаралық «HALAL EXPO-2022» көрмесі басталды.
Көрменің ашылуына қатысқан ҚМДБ Төрағасының орынбасары Ершат Ағыбайұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, бейнеқұттықтауын назарға ұсынды.
«Астың адалдығын бастың амандығына балайтын дана халқымыз үшін қазіргі таңда да халал өнімді тұтыну аса маңызды. Ендеше елімізде халал өндірісінің дамуы – тұрғындардың таза экологиялық өнімді тұтынып, денсаулығын күтіп ұстауына ғана емес, оның рухының да мықты болуына септігін тигізері сөзсіз.
Бүгінгі халықаралық көрме елімізде халал өндірісінің ілгері дамуына серпін береріне сенімім кәміл. Діни басқарма ұйымдастырып отырған осы көрме жұмысына сәттілік тілеймін.
Ел тұрғындарын адал астың айқын белгісі – «Халал Даму» сертификатын иеленген өнімдерді тұтынуға, ал тағам өндіретін кәсіпорындарды халал стандартына сай жұмыс істеуге шақырамын» делінген Бас мүфти құттықтауында.
Айта кетейік, екі күнге созылатын көрмеге «QMDB Halal» таңбасымен халал өнім өндіретін отандық кәсіпкерлермен бірге Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінен келген 100-ге жуық кәсіпорынның тауарлары (ет, құс, сүт, балық, бал, май өнімдері, жартылай дайын және кондитерлік өнімдер, Халал косметикалар, шұжықтар, БАД, тағам қоспалары, гигиеналық заттар, жуғыш заттар, фаст-фудтар, балмұздақтар, сусындар, т.б.) қойылған. Көрме барысында семинар-тренинг ұйымдастырылып, үздік халал кәсіпорындарға Бас мүфтидің алғыс хаты берілді.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі