Атлах шайқасы түркі жұртын тұтастандырды (ФОТО)

04 маусым 2021 4023 0
Оқу режимі

Тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Таразда өтіп жатқан «Қазақ даласына Исламның келуі» халықаралық конференциянда осылай деді.

«Талас-Тараз топырағы – Түркі қағанатының ордасы болған, Талас шайқасы нәтижесінде Ислам дінінің қасиетті қақпасына айналған, әйгілі Талас құрылтайы арқылы Алтын Орда, Моғолстан мемлекеттерінің негізі қаланған және Қазақ хандығының туын тіккен қастерлі мекен. Бүгін осында әйгілі Талас шайқасының 1270 жылдығы атап өтілуінің де өзіндік мәні зор. Бұл тұтас түркі-мұсылман әлемі үшін маңызы зор тарихи оқиға. Себебі тұтас Түркістан аймағына қасиетті Ислам дінінің таралып, тамыр жаюы осы Талас-Атлах шайқасымен тікелей байланысты.

Тарихи деректерде түркештер арасында алауыздық туып, билік әлсіреген тұста шығыстан жеткен Таң империясының қаупіне қарсы түркілер мен мұсылман арабтардың біріккен қолы қарсы тұрып, 751 жылы Талас маңындағы қазіргі Жуантөбе жеріндегі Атлах (Отлақ) қаласында кескілескен шайқас өтеді. 751 жылы шілде айында Талас маңындағы Атлах қаласында болған бұл әйгілі шайқас жайында қытай дереккөздері былай дейді: «Екі жақ бес күн бойы шайқасты, қарлұқтар жаппай бет бұрып кетті де арабтарға болысып, екі жақтап Таң армиясын қыспаққа алды. Шиян жыны ойсырата жеңді».

Осылайша бірнеше күнге созылған бұл шайқастың нәтижесінде түркі жұрты шығыстан төнген дұшпанның бетін қайтарып, екінші жағынан мұсылман арабтармен жақын танысып, ислам дінін қабылдай бастады. Түркі жұртын тұтастай табанының астына алып, бағындыруды көксеген Таң патшалығының Батыс Түркістаннан біржола күдер үзуіне себеп болған Талас-Атлах соғысынан кейін түркі халықтарының топ-тобымен қауым болып ислам дініне өте бастағаны айтылады. Өйткені қиын сәтте қол ұшын созып, көмекке келген мұсылмандардың парасаты мен мәдениетін жақыннан танып білген түркілер мұсылмандар ұстанатын қағидалар мен өздерінің жоралғы, салт-дәстүрлерінің бір-бірінен соншалықты алшақ жатпағанын жете түсінді. Оның үстіне түркілер ұстанған тек Тәңірге ғана мойынсұну, өлгеннен соң қайта тірілуге сену, жұмақ пен тамұққа илану сияқты сенімге құралған тәңірлік дін де ханифтік дін ретінде Ислам дінімен үндесіп жатыр еді. Сондықтан Тараз топырағы – Ислам дінінің Тұран-Түркістан даласына таралуына шешуші ықпал еткен алтын көпір ретінде де қастерлеп, ардақтауға лайық мекен.

Расында Қарахан мемлекеті дәуірінде Түркістан аймағы хадис, тәпсір, фиқһ, кәләм, Ислам философиясы, тасаууф ілімдерінің іргелі орталғына айналды. Бұның бір жарқын айғағы таяуда Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған мыңжылдық мұра – Құран Кәрімнің көне түркі тіліндегі аударылған нұсқасы. Бұдан мың жыл бұрын Құран Кәрімнің тілімізге аударылуы – баба тіліміздің байлығын ғана көрсетіп қоймайды, сол тұстағы ғұламалардың біліктілігін де көрсетеді» деді Дархан Қуандықұлы. 

Бір күнге жалғасатын конфереция барысында елімізге белгілі және халықаралық дәрежедегі ғалымдар баяндамаларын ұсынбақ.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру