Атырауда нүктелі кездесулер мен жеке ықпал ету іс-шарасы басталды (ФОТО)
Атырау облысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен нүктелі кездесулер мен жеке ықпал ету іс-шарасы басталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған жұмыс тобы өзіне жүктелген жауапты міндетке кірісті.
Облыстық «Иманғали» мешітінде жұмыс тобымен кездескен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Діни басқарманың негізгі жұмыстарының бірі – деструктивті діни ағымды алдын алу және білместікпен адасқан азаматтардың діни көзқарасын оңалту. Атырау облысындағы діни ахуалды ескеріп, нүктелі кездесулер мен жеке ықпал ету іс-шарасын осы өңірден бастап отырмыз. Бұл бастамамыз нәтижелі болады деп сенемін. Алла Тағала ыждаһатпен атқаратын іс-шараларымызға береке нәсіп етсін», – деді.
Айта кетсек, жұмыс тобымен келген елімізге белгілі ғалым-ұстаздар – Арман Қуанышбаев, Ризабек Батталұлы, Батыржан Мансұров, Сансызбай Шоқанов, Ғазиз Ахметов, Қанат Алшынбаевтар жамағатпен жүздесіп, еркін сұхбаттасып, сұрақтарына жауап бермек.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі