Әйел-қыздар секторының жұмысы жанданды (ФОТО)

04 ақпан 2021 3925 0
Оқу режимі

ҚМДБ-ның әйелдер арасындағы рухани саласына жауапты Әйел-қыздар секторының 2021 жылға арналған жаңа жобалары мен жоспарының орындалу барысы басталып кетті.

Жыл басы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің тапсырмасына орай, сектор меңгерушісі Ақбөпе Тілегенованың еліміздің ең көп халық шоғырланған Түркістан облысына жасаған іс-сапарымен басталды. Ақбөпе Қанатқызы аймақтағы Құран орталығы мен мешіт-медреселерді арнайы аралап, ұстаздар қауымы және шәкірттермен кездесіп, түрлі тақырыптарда сұхбат жүргізді.

Әйел ұстаздар қаңтар айында күннің суығына қарамай түрлі салалар бойынша қарқынды жұмыс істеді. Атап айтсақ, ұстаздар жамағатпен бірігіп Құранды 462 рет хатым етіп, сауабын марқұмдарға бағыштап, еліміздің амандығын Алладан сұрап, науқас жандарға шипа тіледі. Карантин жағдайында күнделікті жүйелі түрде фиқһ, отбасы ғылымхалы, сахаба әйелдер, отбасындағы бала тәрбиесі, отбасындағы бақыт, сабырлық тақырыптарында 7 557 адамға онлайн уағыз айтылды.

Сектордың аймақтардағы жауаптылары салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бірнеше қалада волейболдан әйел жамағаттары арасында жарыс өткізді. Осымен қатар елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында мешіттер арасында Құран Кәрімді жатқа оқудан сайыс өтті. Көптеген көпбалалы және мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен және қаржылай көмек көрсетілді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру