«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ АЛҒАШҚЫ ТАРАУИХ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ (ФОТО)

10 наурыз 2024 1839 0
Оқу режимі

Исі мұсылман қауымы сағына күткен қасиетті Рамазан айы да басталды. Берекелі айда Алла разылығынан үміт еткен мұсылман қауымы құлшылық ордаларына жиналып, тарауих намаздары да басталып кетті. Сауабы сансыз мүбәрак айды мейлінше пайдалы өткізуді жоспарлаған еліміздің барлық құлшылық ордалары бұл күнге дайындықтарын ерте бастан пысықтап, қапысыз қамданып та қойған болатын. Жамағат жағы да қасиетті аймен қауышар сәтке ерекше дайындықпен, айрықша ықыласпен аяқ басып, кеш түсісімен құлшылық ордасына қарай ағыла бастады.

Жамағаттың осындай ыстық ықыласы мен ынтасы Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде айрықша байқалды. Құптан намазының азаны шақырылмай жатып мешіт іші иін тірескен жамағатқа лық толып, бір-бірін Рамазанның басталуымен құттықтаған тілектер тиегі ағытылды. Құптан намазынан соң Астана қаласының өкілі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов Рамазан айының қадір-қасиеті жайында жамағатқа тағылымды уағыз айтып, отыз күн бойы тарауих намазын өткізетін қариларды жұртшылыққа таныстырды. Артынша жамағатпен тарауих намазы оқылып, дұға-тілектер жасалды.

Айта кетсек, Астана өкілдігіне қарасты қаладағы барлық мешіттерде отыз күн бойы тарауих намазынан қайтқан жамағатқа тегін қоғамдық көлік қызмет көрсететін болады.

 

Пікірлер Кіру