«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ «ӘЙЕЛДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ӘДЕБІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

01 қазан 2025 877 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Әйелдің әлеуметтік желідегі әдебі» атты тағылымды семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – заманауи қоғамда әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану, мұсылман әйелінің әдебі мен мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ, интернет кеңістігінде оң ықпал ету жолдарын талқылау болды.

Семинарға арнайы шақырылған қонақ – белгілі журналист, тележүргізуші, Ақпарат саласының үздігі, Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі, «Хабар» Агенттігінің «Жаңалықтар» жүргізушісі Сағыныш Әбікей. Ол әйел жамағатымен өзінің кәсіби тәжірибесін бөлісіп, желідегі әр жазбаның қоғамға, отбасыға және жеке адамға әсері туралы ой қозғады. Сондай-ақ, әлеуметтік желіні тек пайдалы бағытта қолдану, артық уақытты текке жұмсамау, әдеп пен мәдениетті сақтау жайында кеңестер берді.

Жиынның ашылуында Астана қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов әйелдер қауымын игі бастамаларға белсенді атсалысуға шақырып, алдағы уақытта да осындай мазмұнды іс-шаралар жалғасатынын жеткізді. Ол кеш қонағына алғысын білдіріп, семинардың қоғамға берері мол екенін атап өтті.

Семинар барысында Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Мамырқызы мен «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Әсел Дүйсебекқызы да сөз сөйлеп, әйел жамағатына арналған жаңа жобалар мен жоспарлар жайында бөлісті.

Іс-шара соңында қатысушылар ұтымды ақпараттарымен бөліскен кеш қонағы Сағыныш Әбікей мен ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай семинарлардың пайдалы екенін, әсіресе қазіргі жастар үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру