«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛДЫ (ФОТО)

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде бабалар рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.
Қасиетті жұма күні мешітке жиылған жамағат тарихи зұлмат жылдары жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларды еске алып, олардың рухына тағзым етті. Құран хатым мен арнайы дұға рәсімін мешіт имамдары өткізді.
Бұл шара – ел басынан өткен ауыр кезеңдердің ұмытылмауы мен келешек ұрпақтың санасында тарихи жадының сақталуына бағытталған рухани игі бастама ретінде ұйымдастырылды.
Айта кетейік, елімізде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген. Бұл күн – ХХ ғасырдың алғашқы жартысында орын алған жаппай саяси қуғын-сүргін мен 1920–1930 жылдардағы ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған. Кеңестік жүйе тұсында миллиондаған адам жазықсыз қудаланып, түрмеге қамалды, атылды немесе жер аударылды. Ашаршылық салдарынан халықтың үштен бірі өмірден өтті. Бұл – өткеннің зұлматын ұмытпай, сабақ алу үшін белгіленген тарихи маңызды күн.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі