«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖАМАҒАТҚА МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)

26 қыркүйек 2025 818 0
Оқу режимі

Астанадағы еңселі «Әзірет Сұлтан» мешітінде Мәуліт мерекесіне орай жамағатқа арналған рухани кеш өтті. Іс-шара қала бас имамы Ерболат Жүсіповтің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Мешіттің наиб имамы Дарханұлы Тамирлан жиналған көпшілікке арнап Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі мен өнегелі өмірі жайлы баяндап, Мәуліт айының қадір-қасиеті жөнінде ғибратқа толы уағыз айтты. Ол өз сөзінде ардақты Елшінің сүннетіне ілесудің маңызын түсіндіріп, жамағатты ізгі амалдарға шақырды.

Кеш барысында қасиетті Құран аяттары оқылып, Мейірім пайғамбарына (ﷺ) салауаттар айтылды. Жамағат рухани шабыт алып, жүрекке әсер ететін мағыналы сәттердің куәсі болды.

Сонымен бірге арнайы жайылған дастарханнан дәм ұсынылып, жиналғандар өзара ізгі ниетпен әңгімелесіп, мазмұнды сұхбат құрды. Шара соңында қатысушыларға рухани тағылыммен қатар, бірлік пен бауырмалдықтың қадірі де айшықталды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру