«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНІҢ ШӘКІРТТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ (ФОТО)
«Әзірет Сұлтан» мешітінде тәлім алып келе жатқан ер шәкірттердің бір тобы Құранға түсуіне орай оларды мараппаттау кеші өтті.
Шәкірттердің ынтасы мен табандылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырған шараға «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Садырханов және ұстаз Ерсайын Сәкенов пен бір топ шәкірттер қатысты.
Айта кетсек, бұл Құран Кәрімді түпнұсқасында оқу мүмкіндігіне қол жеткізіп жатқан шәкірттердің бір бөлігі ғана. Білім жолында мешіт табалдырығын аттап келіп отырған жандарды ынталандыру мақсатында әлі де игі шаралар жалғасын таппақ.
Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Құран – құндылығы еш ескірмейтін кітап. Құран – бүкіл заман үшін, бүкіл адам баласы үшін жарамды қағидаттар мен құндылықтарға толы қасиетті кітап.
Құранды оқыған және оған амал қылған адамның қол жеткізер дүниесі өте үлкен. Алла Тағала Құран Кәрімде «Алланың кітабын шынайы түрде (яғни амал ете отырып) оқитын, намазды толық орындайтын және өздеріне берген рызық-несібемізден ізгілік жолында жасырын-жария жұмсайтындар ешқашан зиянға ұшырамайтын сауданы үміт ете алады. Өйткені Алла оларға тиісті сауабын толық береді. Сондай-ақ Өзінің шексіз шарапатымен олардың сыйын одан сайын арттыра түседі. Алла өте кешірімді және шүкіршіл (яғни әрбір ізгі ниет пен амалдың қарымын еселеп, артығымен беруші)», – дейді («Фатыр» сүресі, 29 аят). Яғни Құранды оқыған және оған амал қылған адамның еңбегі еш кетпейді.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі