БАРЛЫҚ МЕШІТТЕР АУЛАСЫНДА ЖҰМА НАМАЗЫ ОҚЫЛАДЫ

07 қыркүйек 2021 3826 0
Оқу режимі

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруның алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №38 Қаулысына сәйкес осы аптада еліміздің барлық мешіттері ауласында жұма намазын оқуға рұқсат берілді.

Бұрын хабарлағанымыздай, ҚМДБ-ға қарасты 19 өкілдіктің бесеуінде ғана жұма намазын оқу уақытша тоқтатылған болатын. Жаңа қаулыға сәйкес енді еліміздің барлық өңірінде жұма намазы мешіт ауласында оқылады.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысында бұл жайлы: «Мешіттер, православие шіркеулері және басқа да діни объектілер аумағында ұжымдық діни іс-шараларды (оның ішінде «жұма намазы», күнделікті православиелік дұғалар және басқаларын) ашық ауада өткізу маска режимі мен бір адамға кемінде 4 метр есебінен әлеуметтік қашықтық сақталған кезде жүзеге асырылады» делінген.

Қаулыда шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде діни объектілердегі санитариялық-дезинфекциялық режимге қойылатын талаптар да көрсетілген. Атап айтқанда, мешіттерде бір рет қолданылатын медициналық маскалардың жеткілікті қорымен, сондай-ақ қолды өңдеуге арналған дезинфекциялық сулықтармен, тері антисептиктерімен, дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, діни объектілерде персонал мен діни қызметшілердің маскалар киюін қамтамасыз ету міндеттелген.

Сондай-ақ ғибадат үйлеріне (құрылыстарына) кіруге міндетті түрде маска болған жағдайда рұқсат етіледі. Ғибадат үйлерінде намаз оқу бір адамға 4 метрден кем емес есеппен қашықтықты сақтау кезінде жүзеге асырылады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру