БАС ИМАМДАР НҰР-МҮБАРАК ТҮЛЕКТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ (ФОТО)

18 сәуір 2024 1295 0
Оқу режимі

Биыл Нұр-Мүбарак университетінен үш сатылы білім беру бағдарламасы бойынша 479 маман (411 бакалавр, 58 магистр, 10 докторант) түлеп ұшпақ. Осыған орай аталмыш білім ордасында жұмыс беруші мекеме өкілдері, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана, Алматы мен Шымкент қалаларындағы, облыстардағы өкілдіктерінің бас имамдары болашақ түлектермен арнайы кездесті.

Ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат барлық қонаққа ризалығын білдіріп, биылғы түлектер тиісті мекемелерге қызметке барады деген сенімін білдірді. Сондай-ақ проректор, доктор Қайрат Құрманбаев болашақ түлектерге наисхатын айтып, 4 жыл алған білімдерін ел игілігіне пайдалануға шақырды.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізген Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл ел ішінде білікті дін мамандары ауадай қажет екенін атап өтті. Нұр-Мүбарак университетінің түлектеріне сұраныс артпаса, азаймайтынын да атап өтті. Хасан Ташайұлынан соң облыстардан келген 18 бас имам өңірлерге қажет жұмыс орындар туралы айтып, түлектерді қызметке шақырды. Сондай-ақ ҚМДБ-ға қарасты медресе-колледж директорлары да келіп, еңбек жолын ұстаздықтан бастауға шақырды. Себебі университетте алған білімді ұстаздықпен бойына бекітіп, қоғамға араласу жас маман үшін өте ұтымды қадам екенін айтты.

Әр өңірден келген облыстық дін істері басқармаларының өкілдері де мемлекеттік діни қызметке бос жұмыс орындар туралы ұсыныстарын жасап, түлектерді жұмысқа шақырды. Сондай-ақ әр облыстан Қылмыстық-атқару жүйесі департементі өкілдері теологиялық оңалту жұмыстарын түсіндіріп, дін мамандарына деген қажеттіліктің жоғары екендігін жеткізді.

Кездесу барысында болашақ мамандардың әлеуметтік жағдайы, жалақы мәселелері де ашық айтылып, студенттер де өз тарапынан сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру