БАС МЕШІТТЕ БАЛАЛАР АЛАҢЫ АШЫЛДЫ (ФОТО)
Бүгін ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте арнайы ойын құрылғысымен, ойыншықтармен жабдықталған Балалар алаңы ашылды.
Алаңның ашылуына арнайы қатысқан ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алла Тағала Құранда балаларымыздың бізге берілген өмір көркі екенін, оларды иманды етіп тәрбиелеуге тиісті екенімізді жеткізіп, бала тәрбиесіне маңыз берді.
«Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Аллаға шүкір, балаларымыздың білім алуларына барлық мүмкіндіктер бар. Мешіттеріміз, ағартушы имам-ұстаздарымыз бала бойында заманауи біліммен бірге рухани ілімді де қалыптастыру үшін қызмет жасауда. Оның айғақтарының бірі бүгінгі ашылған «Дін мен дәстүр» орталығы, мына балалардың ойын алаңы. Балалық шақтан бастап мешіт тәрбиесін алған баладан еліне, халқына жанашыр азаматтардың шыққанына тарих куә. Сондықтан баршаңызды балаларымыздың осы рухани тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырамыз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі