Бас мешіттің «Сұлтан» командасы «Бас мүфти кубогын» жеңіп алды (ФОТО)

15 қараша 2020 742 0
Оқу режимі

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында ҚМДБ Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен футболдан «Бас мүфти кубогы» қайырымдылық турнирі болып өтті. Сауапты да салауатты шараның ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, турнирге атсалысқан 12 командаға ризашылығын білдірді.

«Діни басқарманың шақыртуын қабыл алып, осы турнирге қатысып жатқандарыңызға мың алғыс. Жарысқа сәттілік, игі шараға береке тілеймін. Сіздердің салауатты өмір салтын ұстанып әрі қайырымдылық шараға атсалысуларыңыз басқаларға үлгі болмақ», - деп атап өтті Бас мүфти.

Сонымен қатар, турнирдің ресми ашылуында Бас мүфти командалардан жиналған қаражатты елордалық әлеуметтік жағдайы төмен 4 отбасыға табыстады.

Тартысқа толы өткен турнир нәтижесінде «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Сұлтан» командасы қарсыластарынан айқын түрде басым түсіп, «Бас мүфти кубогын» қанжығасына байлады. Командалық бірлік пен шеберліктің озық үлгісін танытқан Бас мешіт шәкірттерінің ойыны жанкүйер жамағаттың да ыстық ықыласына бөленіп, ризашылықтарын тудырды. Айта кетейік, сайыстың жүлделі ІІ орнына әскерилерден құралған «Ұлан» командасы жайғасса, «Орталық» командасы жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Дүбірлі додада «Әзірет Сұлтан» мешітінің намысын қорғап, абыройын асқақтатқан «Сұлтан» командасының ойыншылары Жақсылық Таласұлы, Диас Дәуренұлы, Альхаким Еркінұлы, Аянхан Дунайбек, Алдияр Қанатұлы, Азамат Нұржанұлы, Табиғат Жоламан, Ермекғали Ерғалиұлына және команда бапкері Аймұхан Нұрланға ұжым атынан алғыс білдіріп, жеңістерімен құттықтаймыз!

Пікірлер Кіру