БАС МҮФТИ АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

09 маусым 2023 2273 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы Орталық мешітінде жұма уағызын айтты.

«Өз-өздеріңді өлтірмеңдер» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Өмір – адам баласына берілген басты құндылық. Адам баласы Алла Тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында: «Ол сондай Алла, қайсыларың жақсырақ амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп айтқан.

Адам ғұмыры ізгілікке толы әрі ұзақ болғандығы жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі амалдары ізгі болғандары», – деген (имам Тирмизи). Пендеге Жаратушы тарапынан берілген ғұмырды, уақыт мерзімі жеткенде Алла Тағаланың Өзі ғана алуға хақылы. Сол себепті де асыл дініміз Исламда адамдардың бір-бірін өлтіруі немесе адамның өз-өзіне қол жұмсауы харам етілген істерден деп танылады. Тіпті  кейбір Ислам ғұламалары өзін-өзі өлтіру – біреуді өлтіруден де ауыр қылмыс деп санайды. Өз-өзіне қол жұмсау туралы тікелей аят болмаса да, қасиетті Құран аяттарынан суицидтің Ислам рухына жат екендігі айқын көрінеді» деді.

ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру