БАС МҮФТИ АСТАНАДАҒЫ МӘУЛІТ КЕШІНДЕ НАСИХАТ АЙТТЫ (ФОТО)

29 қазан 2022 2927 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы «Qazaqstan» концерт залында өткен мәуліт кешіне қатысып, жамағатқа уағыз айтты.

«Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – бүкіл адамзатқа үлгі болған теңдессіз тұлға. Ал оның сүннетін ұстанған ата-бабамыз ардақты елші дүние есігін ашқан айды құрметтеген, оған көп салауат айтып, мәуліт жырын оқыған. Бұрын мәуліт әр шаңырақта оқылса, қазіргі кезде рухани кештер осындай зәулім ғимараттарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып келеді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімі ұлықталған жерде береке болады. Бір хадисте «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады» делінген. Демек, айналамыз аман, ортамыз берекелі болсын десек, жыл он екі айдың барлық күнінде де салауат айтуды тоқтатпауымыз қажет. Алла Тағала рухани, қайырымдылық кешіне басып келген қадамдарыңызға мол сауаптан жазсын», – деді Бас мүфти.

Рухани кеште қасиетті Құран аяттары мен мәуліт жыры оқылып, ел амандығы үшін дұға жасалды. Сондай-ақ «Өнер қырандары» ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолы мен өсиетіне негізделген қойылымдарымен көпшіліктің жүрегін елжіретсе, танымал айтыскер ақын Дидар Қами Майлықожаның «Ата-ананың қадірі» термесін орындады. Бұдан бөлек, жақсылыққа үндеп, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін насихаттайтын әндер шырқалып, кеш соңында Астана қаласы мен іргесіндегі ауылдардың тұрғындарына тосынсый жасалды. Рухани кештің билеттерінен түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аталмыш қонақтарға «Мәуліт сыйын» табыстады.

Айта кетейік, үш мыңға жуық көрермен жиналған мәуліт кешіне мұсылман мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері, елге танымал азаматтар мен Діни басқарма қызметкерлері, мешіт имамдары қатысты. 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру