БАС МҮФТИ АТЫРАУДАҒЫ МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

25 сәуір 2023 1967 0
Оқу режимі

Атырау қаласының Ракуш ауылында жаңа мешіт ашылды. «Ықылас» деп аталатын мешітінің ашылу салтанатына ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп қатысты.

Бас мүфти құлшылық ордасының ашылу рәсімінде: «Алланың қалауымен, бүгін Атырау қаласы Ракуш ауылындағы жаңа мешіттің салтанатты ашылуын өткізгелі тұрмыз. 1000 адамдық жаңа мешітімізге «Ықылас» есімі берілмек. Бұл мешіт облыстағы 44-мешіт болғалы тұр.

Өздеріңіз білесіздер, көп нәрсе адамның ықыласына байланысты. Ықылас деген – мұсылманның адалдығы мен ниетін көрсететін айна. Ықылас деген – адамзатты жаратқан Алла Тағалаға деген шынайылық. Сондықтан осы мешітіміз атына заты сай ықыласты, шынайы жамағатқа толсын деп тілейміз!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфтидің бұйрығымен «Ықылас» мешітінің бас имамы болып Назарбай Абдураманов тағайындалды.

Айта кетейік, «Ықылас» мешіті – екі қабатты, заманауи стильде салынған құлшылық үйі. Мешітте үлкен зал, кіші зал, ерлер және әйелдерге арналған намаз оқу залы, Құран оқу және неке қию бөлмелері бар. Сондай-ақ мешіт жанына асхана салынған.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру