Бас мүфти «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі жұма намазына қатысты (ФОТО+ВИДЕО)

07 мамыр 2021 4970 0
Оқу режимі

Күндердің сұлтаны болған қасиетті жұмада Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жұма намазы құлшылық ордаларының аулаларында өткізіліп, мешіт маңы бейне бір мерекеге айналғандай болды. Бүгінгі жаймашуақ ауа райы да жамағат үшін жайлы бола түскендей. Мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ауладағы алаңқайларға арнайы жайылған төсеніш жайнамаздарға ерте келіп екі-екіден жайғасқан жамағат көптен күткен аңсарына жолығардай сағынышпен азан даусын асыға күтіп отырды. Өйткені, бұл Елорда халқының бір жылдан соң сағына қауышқан екінші жұма намазы еді!

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі бүгінгі жұма намазына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзі қатысып, жамағатқа жұма уағызын жеткізді. Алдымызда келе жатқан Қадір түнінің қасиетіне қысқаша тоқталған Бас мүфти ұлық түнді құлшылық-ғибадатпен әсемдеуге үндеді. Сондай-ақ, карантин ережелеріне сәйкес жұма намазын оқу тәртбіне түсіністікпен қарап, қоғам денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Намаз соңында жамағатпен бірге қол жайылып, еліміздің амандығы мен жеріміздің тыныштығын тіеп дұға жасалды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру