Бас мүфти «Бір мезетте – бір дұға» игі шарасына қатысты (ФОТО)

30 шілде 2020 5748 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бесін намазының уақытында «Бір мезетте – бір дұға» атты игі бастамаға қолдау білдірді. Аталған шараға наиб мүфти Ершат Оңғаров, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазин және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов қатысты.

«Алла Тағала бүгінгі арапа күнінің қасиетіне орай жасаған дұға тілектерімізді қабыл ет. Елімізді мына індеттен тезірек сақтап, қалыпты тіршілігімізге көшуімізді нәсіп ет. Ауырып жатқан бауырлардың деніне саулық, дертне шипа тілейміз. Сапарда болғандардың сапарын оң қыл. Бүгінгі ораза ұстаған жандардың тұтқан оразасын қабыл ет. Елімізге бірлік, береке бер. Әлем мұсылмандарына тыныштық бер. Қажылықта бүгінгі арафатта жасалған дұғаларды қабыл ет. Орта Азия мұсылмандарының бір мезеттегі дұғасын қабыл еткейсің Раббым» - деп барша жамағатқа жақсылық тілеп, ертеңгі шалынатын құрбандықтары қабыл болсын деп дұға етті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Еске салайық, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық Азия елдерінің ғұламаларын, күллі дін қайраткерлерін, дін саласының оқытушы-ұстаздары, қариларды және барша мұсылман қауымын 30 шілде, бейсенбі күні бесін намазының уақытында «Бір мезетте – бір дұға» атты игі бастама аясында күллі адамзаттың амандығы үшін бір уақытта алақан жайып, дұға жасауға үндеген болатын.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру