Бас мүфти Есік қаласында діни сауат ашу орталығының ашылуына қатысты (ФОТО)

22 қыркүйек 2021 2981 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы облысы, Есік қаласында қыздарға арналған діни сауат ашу орталығының ашылу салтанатына қатысты. Игі іс-шараға Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Ержан қажы Малғажыұлы, Еңбекшіқазақ аудан әкімінің орынбасары Досымбай Алтай және жамағат қатысты.

Салтанатты іс-шарада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғам алдындағы міндеттерінің бірі – халықтың діни сауатын ашу. Бүгінде республика бойынша 900 мешітте діни сауат ашу курсы жұмыс істейді. Бұдан бөлек жастарды имандылық пен патриотизмге тәрбиелейтін 20 қайырымдылық мекемесі бар. 6 Құран жаттау орталығы ашылды. 2020 жылы сауат ашу курсында 29 800 адам Ислам негіздерін үйренді.

2021 жылы алғашқы 4 айда 12 900 адам мешіт жанындағы діни сауат ашу курсынан тәлім алды. Аллаға шүкір, бүгін елімізде тағы бір сауат ашу курсы ашылды. Алла Тағала осы орталықтан білімді азаматтар шығуын нәсіп еткей» деді.

Есік қаласының орталық мешіті жанынан бой көтерген сауат ашу орталығы жергілікті кәсіпкер азаматтар мен «Кең болайық» қайырымдылық қорының демеушілігімен тұрғызылды. 60-тан астам қыз балаға арналған ғимараттағы дәрісханалар заманауи үлгіде компьютерлермен жабдықталды. Дәрістен тыс ісмер қыздар үшін тігін машиналар да қарастырылған. Асхана мен спорт залы да бар.

Наурызбай қажы  Тағанұлы сауат ашу орталығына смарт теледидарды сыйға беріп, аудан имамы Сапархан Айдарханұлын алғыс хатпен марапаттады. Жиылған жамағат алдында сөз алған Рәтбек қажы Нысанбайұлы сауапты іске ұйытқы болған демеушілерге алғыс айтып, батасын берді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру