Бас мүфти Каирде басталған халықаралық конференцияға қатысты (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында басталған "Діндер мен мәдениеттер арасындағы диалог" атты Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңестің 31-інші халықаралық конференциясына қатысты.
Халықаралық жиын қасиетті Құран аятымен ашылды. Мысыр Араб Республикасының Уақып министрі Мұхтар Жұма діндер мен мәдениеттер арасындағы сұхбаттың маңызы жайлы баяндама жасап, дін қайраткерлеріне игі тілегін жеткізді.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы конференция аясында Уақып министрі Мұхтар Жұмамен, Мысыр мүфтиі Шауқи Алламмен және Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама Шарифпен сұхбаттасты.
Айта кетсек, Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңестің 31-інші халықаралық конференциясына 100-ден астам мұсылман мемлекеттерінің мүфтилері мен ғалымдары қатысуда.
Қазақстандық делегация құрамында ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбеков, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, Нұр-Мүбәрак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Нұр-Астана мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов бар.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі