БАС МҮФТИ: КЕСЕНЕНІ ЗИЯРАТ ЕТУДІҢ ӘДЕБІ САҚТАЛА БЕРМЕЙДІ

28 ақпан 2023 2348 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Жезқазған қаласында «Ұлытау облысының рухани дамуы» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасаған баяндамасында халықты тарихи кесенелерді зиярат жасауда шариғат талаптарын ескеруге шақырды.

«Аллаға шүкір, Қазақстанда тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Соның шоғыры, шоқтығы биігі осы Ұлытау облысында. Жезқазған-Ұлытау аймағында 687 тарихи ескерткіш бар екен. Теректі әулие археологиялық кешені, Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан, Болған ана, Құлан ана, Жансейіт кесенелері, Ақмешіт әулие, Қойлыбай әулие, Едіге, Тоқтамыс қорымдары, Байқоңыр, Зыңғыртау, Тамды тастағы хан ордалары – тарихымыздан сыр шертетін керемет ескерткіштер.

Қазір тарихи орындарға зиярат жасаушылардың саны күн санап артып келеді. Осы ретте айта кетер бір мәселе бар. Әрине тарихи кесенелерді зиярат жасау мұсылман үшін сауапты істер қатарына жатады. Алайда оның әдебі мен мәдениеті сақтала бермейді.

Біз осыдан екі жыл бұрын «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын қабылдадық. Құжатты қабылдаудағы мақсатымыз – қоғамда зират көтеру мен зиярат жасау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу. Қабір  басында түнеуге, мәйіттен пана сұрауға, ойнап-күлуге, әзілдеп-қылжақтауға, тауап етуге шариғатта тыйым салынады. Қабірде жатқан кісіге табыну – зиярат жасаудың түпкі мақсатына қайшы. Осы мәселеге тағы да назар аударуды сұраймыз» деді Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы.  

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру