Бас мүфти халықаралық конференцияда баяндама жасады (ФОТО)

28 мамыр 2021 3281 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыда тәуелсіздігіміздің 30 жылдық, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің 20 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттық рухани тұтастықты дамытудағы діни білім берудің маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, баяндама жасады.

«Аллаға шүкір, мемлекетіміздің қамқорлығымен Нұр-Мүбарак университетіне жыл сайын 200-ге жуық білім гранты бөлінеді. Бүгінгі күнге дейін іргелі діни оқу орнын 2059 шәкірт бітіріп, мешіттер мен медреселерде, жергілікті әкімдіктерде, елшіліктерде, ғылыми зерттеу орталықтарында, жоғары оқу орындарында еліміздің игілігі мен бірлігі жолында қызмет етуде.

2012 жылы университет жанынан докторантура бөлімі ашылды. Бүгінде докторларымыз ғылыми жобалармен айналысуда. Біз университет жанынан ғылыми зерттеу орталығын, радикалды діни ағымдағы азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізетін имамдарды оқыту курсын аштық.

Сайып келгенде, университет қызметін жандандырып, жетілдіріп отыру – біздің басты назарымызда. Біз жуырда Мысыр Араб Республикасына жасаған сапарымызда әл-Әзһар шейхы, Бас имам, мәртебелі Ахмет Тайыппен, Уақып министрі Мұхаммед Мұхтар Жұмамен кездесіп, университет жұмысын жаңа деңгейге көтеру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.

Каирде өткен кездесуде әл-Азһар шейхына Қазақстанға бөлінетін білім гранты санын екі есе көбейтуді ұсындым. Сонымен қатар Қазақстанда салынатын Ислам академиясын, Ислам және теология кітапханасын классикалық діни кітаптармен қамтамасыз етудің маңыздылығын баяндадым.

Әл-Азһар университетінің шейхы бұл ұсынысты қолдайтынын, Қазақстан үшін бөлінетін білім гранты екі есе ұлғаятынын мәлімдеді. Сонымен қатар Ислам академиясы мен Ислам және теология кітапханасына қажетті классикалық бағыттағы кітаптарды жеткізіп беруге уәде етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен әл-Азһар университеті арасында жасалған келісім бойынша жыл сайын қазақстандық имамдар үшін 25 білім гранты бөлінетін. Енді жыл сайын 50 имам әл-Азһар университетінде білімін жетілдіреді» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Конференция жұмысына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Мысыр Араб Республикасы Уақыптар министрлігінің өкілдері, әлемге әйгілі әл-Азһар университетінің ұстаздары, АҚШ, Мысыр, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің дін саласының ғалымдары қатысуда.

Халықаралық басқосуда ғалымдар жаһандық және аймақтық сын-қатерлер, діни білім берудің маңызы, қазақстандық исламтану мектебінің қалыптасуы және оны жүзеге асыру, қазіргі дінтанулық білім беру бағыты, т.б. мәселелерді талқылауда.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру