Бас мүфти мешітті ашуға қатысты дайындық жұмыстарын пысықтады (ФОТО)

14 мамыр 2020 3980 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ҚМДБ Орталық Аппаратының жиналысы өтті.

Мәжіліске наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Бас мүфти кеңесшілері мен бөлім меңгерушілері қатысты.

«Алла қаласа, 18-мамырда жеке құлшылық жасап, Құран оқытып, неке қидыруға ниет білдірген азаматтар үшін мешіттерімізді ашамыз. Осы сәтте карантин талаптары қатаң сақталуы тиіс. Ал біздің имамдарымыз бұл мезетте күшейтілген режимде жамағатқа қызмет көрсетуі керек. Құлшылық үйін 3 сағат сайын таза ауамен алмастырып отыруды, мешітке келушілерге бетперде мен қолғап киіп алуды, дәрет алғанда, жеке құлшылық жасағанда карантин талаптарын қатаң қадағалауды тапсырамын», - деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, кеше ҚМДБ Төрағасы мешітті ашу туралы Үндеу жариялаған болатын. Бас мүфти өз Үндеуінде әзірге жамағат намаздарына (бес уақыт намаз, жұма, тарауық) қатысты шектеу қойылғанын мәлімдеді.

«Ал жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз. Жеке құлшылық кезінде, Құран оқыту, неке қидыру рәсімі барысында карантин талаптарын қатаң ескерулеріңізді сұраймыз. Өзімізге қамқорлық – өзгелерге қамқорлық екенін естен шығармайық» деп атап өткен болатын Бас мүфти өз Үндеуінде.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру