БАС МҮФТИ ПОРТУГАЛИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Португалия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мария де Фатима Велез де Андраде Мендешті өз өтініші бойынша қабылдады.
Кездесуде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мария де Фатиманы Португалия мемлекетінің Қазақстандағы алғашқы елшісі болуымен құттықтап, жұмысына береке тіледі. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысымен таныстырды.
Өз кезегінде Мария де Фатима Португалияның да Қазақстан секілді толерантты мемлекет екенін еске салып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін әрдайым назарда ұстайтынын тілге тиек етті. Одан бөлек, Наурызбай қажы Тағанұлына уақыт бөліп, арнайы қабылдағаны үшін алғысын білдірді.
Ал ҚМДБ Төрағасы Ислам бейбітшілік пен бірліктің діні екенін, бүгінгі таңда жер бетіне бейбітшілік құндылықтарын орнатудың маңызын айрықша атап өтті.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі