БАС МҮФТИ ҚАРИЛАРҒА ИЖАЗА КУӘЛІГІН ТАБЫСТАДЫ (ФОТО)

13 маусым 2023 2570 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтының Астана қаласындағы «Ижаза» орталығында білім алған алғашқы түлектеріне «Құран ижазасы» куәлігін табыстау рәсіміне қатысты.

Елордадағы Республикалық бас мешітте өткен игі іс-шарада Бас мүфти: «Бұл – діни салада жеткен тұңғыш жетістігіміз, исламдық білім берудің маңызды кезеңі. Осынау тарихи сәттің куәсі болуды сіз бен бізге нәсіп еткен Алла Тағалаға сансыз мақтау-мадақ болсын.   

«Құран ижазасы» – тізбегі ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бастау алатын қариларымыздың ережеге сәйкес Құранды оқуы мен толық есте сақтауын куәландыратын құжат. Қариларымызға алған білімі екі дүниеде де дәрежелерін көтеріп, жаттаған Құранын әрдайым есте сақтап жүргей деген тілегіміз бар. Сондай-ақ осы институттың жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан Бағдат Манабаев бауырымызға, қариларымыздың ижаза алуына көп еңбектенген мысырлық хафиз, доктор Махмуд Хасан Махмуд Мұхаммедке және шәкірттерге құран дәрістерін үйреткен танымал қари Теміржан Өтежанұлына алғысымды білдіремін» деді.

ҚМДБ Төрағасы қариларға жыл бойы дәріс берген екі ұстазға алғыс хат табыстап, сый-сияпат жасады.

Айта кетейік, Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтының Астанадағы «Ижаза» бөлімінде алғаш рет тәлім алған 14 шәкірт доктор Махмуд Хасан Махмуд Мұхаммедтен Асым қырағатының хафс риуаятына сай шатабия жолы бойынша ижаза куәлігін алды. Ал бұған дейін «Ижаза» орталығының Алматы қаласындағы бөлімінде 18 қари аталмыш куәліктің иегері атанған болатын.     

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру