Бас мүфти қасиетті үш айдың басталуымен құттықтады

13 ақпан 2021 3721 0
Оқу режимі

Құрметті жамағат!

Баршаңызды қасиетті үш айдың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Ережеп айы келген кезде: «Уа, Алла! Ережеп және шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға жасайтын.

Ережеп – исі мұсылман қауымы үшін ерекше ай. «Ражаб» сөзі ұлықтау, құрметтеу деген ұғымды білдіреді. Алла Тағала зұлқағда, зұлхижжа, мұхаррам, ражаб айларында соғысуға, қан төгуге тыйым салған.

Ережеп – дұға қабыл болатын ай. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деп сүйінші хабар жеткізген.

Қадірлі қауым!

Қасиетті айдың құрметі үшін отбасындағы бірлік пен берекені арттыру ниетімен кешірім жолын ұстанып, ренжітіп алған кісілер болса олармен қайта татуласайық. Еліміз бен жеріміздің игілігі үшін дұға жасап, айналамыздағы қамкөңіл адамдарға қарайласып, Алланың разылығына жетелейтін құлшылықтар мен ізгі амалдарға көңіл бөлейік. Жаратқаннан еліміздегі барлық мешітте жұма намазы оқылуын тілейік. Хақ Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралуды жазғай. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру