Бас мүфти қуғын-сүргін құрбандарына Құран бағыштап, дұға жасады (ФОТО)

31 мамыр 2019 6526 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнайы Құран бағыштап, дұға жасады, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

Қадір түні қарсаңында Елордадағы «Нұр Астана» мешітінде жұма уағызын айтқан Бас мүфти «Қуғын сүргін құрбандарын еске алу» күніне орай, зұлмат күндерде бақилық болған бабаларымызға Алладан кеңшілік, рақым тіледі.

«Келер жылы да жақсы ай, жақсы күнге төрт көзіміз түгел жетуді нәсіп етсін! Бірлігіміз, татулығымыз, тұрақтылығымыз баянды болсын! Алла Тағала халқымызға бірлік берсін! Құдай Тағалам біздің халқымыздың әр кезеңде жүрер жолы, бағдаршамы, қоғамның рухани тірегі болған дінімізге қуат берсін.

Кешегі зұлмат заманда, нәубет күндерде жазықсыз кеткен, құрбан болған бабаларымызды Алла Өзі рақымына алсын! Пайғамбарымыздың шапағатында болсын! Құдай Тағала енді біздің ұлтымыздың, халқымыздың болашағын ондай нәубеттен сақтасын! Жарық күніміз баянды болсын! Ел аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп еліміз бен жерімізге дұға тіледі.

Алла Тағала мүфти хазіреттің дұғасын қабыл етіп, еліміздің болашағы баянды, халқымыздың келешегі кемел болғай!

 

Пікірлер Кіру