БАС МҮФТИ «СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР» ТАҚЫРЫБЫНДА УАҒЫЗ АЙТТЫ (ФОТО)

17 ақпан 2024 1619 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Судың да сұрауы бар» тақырыбында жұма уағызын айтты.

Бас мүфти судың жер бетіндегі баға жетпес нығмет екенін айта келе, оны барынша үнемдеу әсіресе, мұсылман қауымға міндет екенін айтып өтті.

«Әлемдердің Раббысы, Жаратушымыз Алла Тағаланың біздерге берген нығметтері шексіз. Осындай нығметтердің бірі – су нығметі. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Әнбия» сүресінің 30-аятында: «Сондай-ақ тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық», – деп айтқан. Тәпсір ғалымдары: «Бұл аятта су жер бетіндегі барлық жаратылыстың тіршілік көзі екені айтылуда», – деген. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Суды барынша үнемдеуіміз қажет. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс», – деп айтып, еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем еместігін атап өтті.

Су ресурстарын қорғау – тек мемлекеттің ғана ісі емес, халық болып атқаратын жұмыс. Біздің мешіттер де суды жиі қолданатын мекемеге жатады. Өйткені күнделікті бес уақыт намаздың алдында дәрет аламыз. Міне, осы кезде суды үнемдеп, шашып-төкпей, ысырап етпей пайдалануымыз аса маңызды» деді ҚМДБ Төрағасы.

Жұма намазынан соң Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру