Бас мүфти түрмеде «Жусан» операциясымен елге қайтарылған жазасын өтеушімен кездесті (ФОТО)

16 қазан 2020 3946 0
Оқу режимі

Атыраудағы 66-түзету мекемесіне арнайы барған ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Жусан операциясымен елге оралған Ермұхан Айыпқалиевпен арнайы кездесті.

Ермұхан терроризм бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Соңғы бір жыл бойы осы түзету мекемесінде жазасын өтеуде. Дегенмен бір кездері адасып, Сирияға кеткен бұл азамат арқасынан жарақат алған екен. Жақында ғана операция жасатып, қазір жүруге жарамай қалған. Осыны ескерген Бас мүфти Ермұханға арнайы қоларба сыйлайтынын жеткізді. Жазасын өтеп жатқан Ермұхан Айыпқалиев Бас мүфтиге ризашылығын айтты.

«Білместікпен істеп, өткеніңе өкінгенің жақсы. Енді ғұмырың қателіксіз болсын. Тезірек сауығып кет. Жат ағым жарға жығады дегенді үнемі айтамын. Кейінгі жастар осындай қателіктерді қайталамаса екен», – деді жеке кездесу барысында Діни басқарма төрағасы.

Еске салайық, Бас мүфти бұған дейін түрмеде жазасын өтеушілермен жалпылама және жекелей кездесулер өткізген болатын.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру