БАС МҮФТИ УНИВЕРСИТЕТ ПРОФЕССОРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

21 мамыр 2024 1043 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық зерттеу университетіне арнайы барып, білім ордасының ректоры және оқытушы ғалымдармен кездесті.

Алдымен Бас мүфтиді арнайы қарсы алған университет басшысы, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов жоғары оқу орны жұмысын таныстырды. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы 70 жылға жуық тарихы бар білім ордасының музейін тамашалап, ректормен сұхбаттасты. Бұдан кейін университеттің профессор-ғалымдары, оқытушы ұстаздарымен бірге жиынға қатысты. Басқосуда Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап, ауыл шаруашылығы саласының асыл дініміздегі маңызы жөнінде мағлұмат берді.

«Ауыл шаруашылығы дін тарихындағы барша пайғамбарлардың да адал кәсібі болды. Пайғамбарлар да түрлі жұмыс істеп, белгілі бір кәсіп игеріп, жұртына жақсылығын тигізе білді. Әрине, Ислам тарихында дүниесі жеткілікті ауқатты, патша пайғамбарлар да болды. Алайда олар да үмбетіне үлгі болу үшін белгілі бір мамандыққа бейімделді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген», – деген болатын. Міне, осы Дәуіт пайғамбар өзі патша бола тұра, қол еңбегінің жемісін жеген. Дәуіт темір ұстасы болса, Нұх пен Зәкария пайғамбарлар (оларға Алланың сәлемі болсын) ағаш ұстасы болған. 

Сондай-ақ асыл дініміз ғылым мен білімге де баса назар аударады. Құран мұсылмандарды білімге ұмтылуға, ойлануға, зерделеуге шақырды. Бұған қасиетті Құрандағы: «Шынында Алладан құлдарының арасында ғұламалар шынайы көбірек қорқады» («Фатир» сүресі, 28-аят), - деген. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын: «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз» деу арқылы білім алу әрбір мұсылман әйелге де, ерге де сауатты болып, білім үйренуді үлкен міндет екенін үмбетіне өсиет етті. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Әуелі үйренетін бір ғылымың, өзіңнің мұсылманша дін ғылымың», - деген болатын. Демек ғылым үйрену – мұсылманның мұраты» деді Бас мүфти. 

Өз кезегінде білім ошағының ректоры Қанат Маратұлы университет студенттерінің білімімен қатар тәрбиесіне мән беретінін тілге тиек етіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді. Ал Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жоғары оқу орнына Діни басқарманың «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген діни, рухани-танымдық бағыттағы кітаптары сыйға тартты.

Бұдан бөлек университеттің оқытушылар құрамы Бас мүфтимен Ислам дінінің қазақ даласына қанат жаюы, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр жөнінде пікір алмасты.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру