Бас мүфти Жамбыл облысы әкімімен кездесті (ФОТО)

03 маусым 2021 3601 0
Оқу режимі

Жамбыл облысына іргелі конференцияға келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевпен арнайы кездесті.

Екіжақты кездесуде өңірдегі діни ахуал, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында атқарылатын жұмыстар сөз болды.

«ҚМДБ қабылдаған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы» – өте маңызды құжат. Бізге имандылық, отаншылдық, білім, адамгершілік қасиеттер ауадай қажет. «Жеті рухани қазық» осы бағыттағы жұмысты жандандыруға сеп болады. Бүгінгі таңда аймақтағы діни ахуал тұрақты. Қордайдағы Имамдар үйі өз нәтижесін беріп келеді. «Тәрбиенің тал бесігі» болар Әжелер мектебін ашылды. Алдағы уақытта әр ауданнан Аталар мектебін ашпақ ойымыз бар. Имамдардың біліктілігі мен жамағаттың сауатын арттыру жұмысы тоқтамайды» деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде Бас мүфти Бердібек Машбекұлына алғыс айтып, ортақ жобаға қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын жеткізді.

«Тараз шаһары талай тарихқа куә. Қарт шаһар небір шайқастар, Ұлы Жібек жолы секілді экономикалық дамуды бастан өткізді. Бұл қаланың тағы бір маңызы – Атлах шайқасымен байланысты болуында. Осы кескілескен ұрыстарға толы шайқастың аяқталып, қазақ даласына Ислам дінінің келгеніне 1270 жыл толды. Осыған орай үлкен конференция өтпек. Өңірдегі діни ахуалға тікелей араласып, әр бастамамызға қолдау көрсетіп келесіз. Біз Имамдар форумында «Ас беру мәдениеті»,  «Зират пен зиярат мәдениеті» секілді құжаттарды қабылдадық. Ас беру мәдениеті, құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеуді имамдар үнемі насихат етіп келеді. Биыл Кемел адам, Ихсан ілімі сынды бірқатар жобаға көңіл бөліп отырмыз» деді Бас мүфти.

Кездесуден соң тараптар ортақ жобаларды бірігіп атқаруды жалғастыратынын жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру