БАС МҮФТИДІҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

01 мамыр 2023 2080 0
Оқу режимі

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

 

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

 

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық, мол бақыт, мықты денсаулық, бірлік пен татулық тілеймін.

Бүгінгі таңда қоғамда өзара сүйіспеншілік пен сыйластық, бірлік пен құрмет сынды құндылықтарды арттырудың маңызы ерекше. Өйткені, еліміздің игілігі мен бірлігіне үлес қосу – өз болашағымызға үлес қосу.

Алла Тағала қасиетті Құранда біздерге: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырса, ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол): «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар», – деп қашан да бірлік туы астында болуды өсиет еткен. 

Өздеріңізге белгілі, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысында: «Халқымыздың ынтымақ-бірлігі бұл – тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет. Яғни татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс. Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады. Жақсы тілек айту – халқымыздың қанына сіңген қасиет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған» деген болатын. 

Осы ретте баршаңызды жақсы сөз айтып, өзара бауырмал болуға шақырамын. Жаратушы Жаббар Иеміз халқымыздың бірлігі мен ынтымағын баянды еткей. Бірлігіміз бекем болғай. Әмин

Пікірлер Кіру