Батыржан Мансұров студенттерге дәріс оқыды (ФОТО)
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров Нұр-Мүбарак университетінің бірінші курс студенттеріне дәріс оқыды.
Дін маманы өз тәжірибесін ғана бөлісіп қоймай, қоғамда кездесетін олқылықтар мен жас мамандар бойында болатын шикіліктер жайлы да айтып өтті. «Бүгінде білім алуға мүмкіндік мол. Нұр-Мүбарак университетінде барлық жағдай бар, тіпті Құран тілі араб тілінде сөйлейтін мысырлық ғалымдар алдарыңызда жүр. Сондықтан қазіргі алтын уақыттарыңызды барынша білімге жұмсаңыздар, дамыңыздар. Ертең жамағат алдында сан түрлі сауалдар, жағдайлар кездессе, білімділердің Алла абыройын көтереді. Бүгінде біліммен ғана оза аласыз», – деді Батыржан Берденұлы.
Сондай-ақ дін маманы ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі қызметі жайлы толығырақ мағлұмат берді. Бөлімнің талап-тілектер мен жағдайларға сай арнайы жоспар бойынша еліміздің бүкіл мешіттеріне уағыз-насихаттың, жұмада айтылатын уағыздың бағдарын жасайтынын атап өтті.
Дәрістің екінші бөлімі сұрақ-жауапқа жалғасты. Студенттер тек білімге қатысты ғана емес, Батыржан Берденұлының мамандық таңдау, Құран жаттау, білім алудағы да тәжірибелерін бөлісуге қолқа салды. Қосымша нәпіл құлшылықтар, ораза, намаз, зікірді арттыру зейінді ашатынын айтқан дәріскер астың адалдығына мән беруге кеңес берді. Бұл сауал студенттердің қызығушылығын арттырып, бүгінде дүкен сөрелеріндегі самсаған тағамдардың адалдығын ажыратуға да қатысты кеңес сұрап жатты. Ойларына ой, білімдеріне білім қосқан студенттер ҚМДБ-ның уағыз-насихатшы өкілі Батыржан Мансұровқа және ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Айта кетейік, мұндай шаралар студенттердің жан-жақты қалыптасуы, білім алуда уақыт пен мүмкіндікті дұрыс пайдалану үшін өте маңызды болуда.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі