Бауыржан ұстаздың отбасына пәтер берілді (ФОТО)

25 мамыр 2022 3580 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен белгілі ғалым, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі марқұм Бауыржан Әлиұлының отбасына Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер сыйға берілді.

Бауыржан Әлиұлының отбасы бұған дейін басқа да дінге қызмет етіп жүрген ғалым ұстаздарымыз секілді ҚМДБ-ның қызметтік пәтерінде тұрып келген еді. Ұстаздың жаназасында ҚМДБ өкілдері Діни басқарма атынан Бауыржан Әлиұлының артында қалған отбасына пәтер берілетінін айтқан болатын.

Бүгін Бас мүфти ұстаздың шаңырағына арнайы келіп, ата-анасына көңіл айтты. Құран оқып, рухына құран бағыштады. Сондай-ақ ата-анасына кәсіпкерлердің демеушілігімен сатып алынған үш бөлмелі үйдің құжаттарын табыстады. ҚМДБ Төрағасы одан ары Бауыржан Әлиұлының зиратына барып, дұға қылды.

Айта кетейік, Бауыржан ұстаздың отбасына берілген үй Алматы қаласының жайлы да тыныш ауданында орналасқан Sofia тұрғын үй кешенінен берілді. Кешен аумағында үш мектеп, екі балабақша, емхана және жаңадан салынып жатқан зәулім мешіт бар.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру