БЕС БАҒЫТ БОЙЫНША БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ (ФОТО)

27 наурыз 2023 3002 0
Оқу режимі

Қасиетті Рамазан айында ҚМДБ Астана қаласы өкілдігі жастардың білімін арттырып, таным көкжиегін кеңейтуде белскенділік танытуда. Солардың бірі күні кеше ғана «Әзірет Сұлтан» мешітінің төрінде өткен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясындағы бес бағыт бойынша білім сайысы. Айтулы шара бес бағыт аясындағы негізгі 8 пән бойынша жүргізілді. Атап айтар болсақ, Құран оқу ережелері, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаяны, сахабалар өнегесі, фиқһ, ақида және қазақ тарихы пәндері бойынша, сондай-ақ, «Дін мен дәстүр» кітабы мен  ихсан бағыты бойынша «Үміт сәуелсі» кітаптарын негізге ала отырып, шәкірттердің білімі тексерілді.  

Елордадағы 15 мешіттің арасында өткен білім сайысы басталмас бұрын қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ лебізін білдірді. Аталмыш шарада ҚМДБ діни білім және кадр даярлау бөлімінің маманы Жаңабай Маратұлы, Астана қаласы бойынша пәтуаға жауапты маман Тамирлан Дарханұлы, ҚМДБ діни оңалту бөлімінің маманы Жарбол Болатұлы, Тарих ғылымдарының докторы Махсат Алпысбесұлы және қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы қазылық жасап, әділ шешім шығаруға тырысты.

4 айналымнан тұрған сайыстың әр айналымынан кейін ұпайы төмен үш команда жарыстан шығып қалып отырды. Нәтижесінде, 3-орынды «Әл-Ғани» мешіті иеленіп, 2-орынды «Әзірет Сұлтан» мешіті қанжығасына байлады. Ал «Әлжан ана» мешітінің шәкірттері топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Басқа мешіттің қатысушылары ұпай жағынан артта қалса да, өздерін түрлі бағытта сынап, қалыспайтынын көрсетті. Мәселен, бірінің Құран бойынша білімі жоғары болса, енді бірі қолөнер бұйымдарын жасауға шебер.

Жеңімпаз командалардың барлығына арнайы сыйлықтар беріліп, дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, білім сайысына қатысқан басқа командаларға да ынталандыру сыйлығы берілді.

Жиын соңында Ерболат Нұрылдаұлы жастардың білімін жетілдіру мақсатында өткен игі іс-шараға атсалысушы кісілерге алғыс хаттар табысталып, ізгі тілегін білдірді.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру