Бірінші наиб мүфти оңалту орталығындағы тұсаукесер рәсіміне қатысты (ФОТО)

20 қараша 2018 9434 0
Оқу режимі

«BI-Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қорының қолдауымен іске қосылған Астана қаласындағы «Жұлдызай» медициналық оңалту орталығы сал ауруына салдыққан сәбилерді сауықтырып, бүлдіршіндердің болашағы жолында жемісті еңбек етіп келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде орталыққа келген мыңдаған науқас балалардың бақыты үшін талмай еңбек еткен қызметкерлердің ем шаралары арқасында дерт меңдеген талай бүлдіршін аяғынан тұрып кеткен.

Осы орайда, оңалту орталығының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен соңғы төрт жыл ішінде тұрақты түрде тұсаукесер рәсімі өткізіліп, тәй-тәйлаған балалар бақыты үшін арнайы мерекелік шара үзбей жасалып келеді. Қараша айының 17-жұлдызы күні Оңалту орталығында ем қабылдаған тағы бірнеше сәбидің тұсауы кесіліп, алғашқы қадамдары көпшілік батасымен нұрланды.

Игі шараға ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлы өзі қатысып, бүлдіршіндерге шипа тілеп, ақ батасын арнады. «BI-Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қорының бұған дейін де бірнеше мәрте ұйымдастырған тұсаукесер рәсімдеріне қалмай қатысып, жанашырлық көрсетіп келе жатқан Астана шаһарының бас имамы бұл жолы да жиылған қауымды бүгінгі қуанышымен құттықтап, рухани қолдау танытты. Әр қиындықтың артынан бір жеңілдік болатынын жеткізіп, сабырлық етудің маңызын түсіндірген Наурызбай Тағанұлы арнайы дұға жасап, Алла Тағаладан науқас сәбилерге шипа сұрады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру